26.04.2021, 9:33
Қараулар: 44
Карантинде қылмыс тиылмай тұр

Карантинде қылмыс тиылмай тұр

Былтыр Қазақстан Республикасының Президентінің елімізде СОVІD-19 коронавирусының пандемиялық сипат алуына орай төтенше жағдай жариялауына байланысты Жоғарғы Сотта да бірқатар шаралар қабылданды. «Сот төрелігінің жеті түйіні» бағдарламасы аясында төтенше жағдай кезінде де, қазіргі карантиндік шектеулер аясында да пандемияның таралуының алдын алу, халықтың қауіпсіздігі үшін соттарда сот отырысына қашықтықтан «онлайн» қатысу мүмкіндігі толыққанды жұмыс істеуде. TrueConf және WhatsApp мобильді қосымшаларды қолдану арқылы азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер қаралуда.

Карантин режимі енгізілгенімен, тұрғындар өз құқықтарын қорғау үшін сотқа жүгінуді тоқтатқан емес. Әсіресе, тұрмыстық зорлық-зомбылық саласында құқықбұзушылықтардың көбейіп бара жатқаны алаңдатады. Соған байланысты облыстық сот төрағасының бастамасымен «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ» атауымен арнайы топтар құрылып, оның жұмысына жергілікті атқарушы органдар, құқық қорғау органдарының, қоғамдық бірлестіктер мен билер институтының өкілдері жұмылдырылып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға және оны болдырмау мақсатында қызмет етуде.

Айталық, біздің сотта биылғы жылдың І тоқсаны бойынша 4 қылмыстық, 22 азаматтық және 42 әкімшілік іс қашықтықтан қаралды. Жоғарыда көрсеткен азаматтық істердің 7-і неке бұзу туралы болса, соның 2-і бойынша тараптар өзара медиациялық келісімге келді.

Қаралған әкімшілік істердің 10-ы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты, бір қуаныштысы, 9-ы өзара медиациялық келісімге келу арқылы татуласты.

Індет жағамыздан алып, жүріс-тұрысымыз шектелсе де, көпе-көрінеу құқықбұзушылыққа барып жатқандар да көп. Мысалы, ішімдік ішіп, көліктің тізгінін қолына алғандарды алайықшы. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, былтырғы жылдың осы кезеңінде 3 азаматқа қатысты әкімшілік іс қаралса, биылғы жылдың үш айында 6 азамат ащы судың буымен көлік басқарған.

Қазіргі кезде бұндай жауапсыздарға қатысты жазаның да қатайғаны белгілі. Олар жеті жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырыла отырып, 15 тәуліктен әкімшілік қамаққа алынды.

Жасалып жатқан жұмыстардың барлығы да – төтенше жағдай және карантин шаралары кезінде де сот саласындағы және сотқа қатысатын адамдарды толыққанды, әрі қауіпсіз түрде қорғау үшін қолданылып жатқан шаралар.

Тамара ҒҰМАРОВА,

Ақжайық ауданының №2 аудандық сотының төрағасы.

ТАЙПАҚ