26.04.2021, 9:34
Қараулар: 37
Мал ұрлығына жаза күшейтілді

Мал ұрлығына жаза күшейтілді

«Малым – жанымның, жаным-арымның садақасы» дейтін ауылдағы ағайынның берекесін баукеспе ұрылар қашырып, жылқысын үйірімен жоқ қылуда. Ауыл тұрғындары тұрмыстық жағдайын жасқарту үшін азаптанып, көзінің қарашығындай бағып, сақтап отырған жылқыларын үйір-үйірімен айдап, ірі қара малдарын даладан атып өлтіріп сойып алып, ізін суытып жүрген қылмыстық топтардың алдарындағы нәпақасын қолды қылғанға  қапаланады.

Қазіргі кезде мал ұрлығы үлкен мәселеге айналды. Ұшты-қилы жоғалып кетіп жатқан мал көп, ұстатпай жүрген ұрылардың ұзаққа бармасы анық, дегенмен… Малдың қолды болуына мүмкіндік бермейтін түгендеуге мойын бұрмау, малды жайылымға қараусыз жіберу ауыл тұрғындарының арасында белең алды,  малды жүк көліктерімен ілеспе құжаттарсыз не жалған ветеринарлық төлқұжатпен алып жүру көп кездеседі. Малды таңбалап, есепке алмаған иелері жоғалған малды өздігінше іздеумен жүріп, құқық қорғау органдарына шағымданғанша, ұры да ізін суытып үлгереді.

Ақжайық аудандық сотымен осы жыл басына мал ұрлығына қатысты 2 қылмыстық іс түсіп, біреуі қаралып онша ауыр емес қылмыс санатына жататындықтан, құқық бұзушы жауапкершіліктен босатылды, осылайша іс өндірісі ҚК-тің 68 бабының 1 бөлігінің негізінде  тоқтатылды.  Екінші жағдайда ауыр қылмыс санатына жататын қылмыстық іс қаралуда.

Елімізде қасақана қылмыстың бірнеше түріне берілетін жаза қатаңдалып отыр, ол қылмыстар тізіміне мал ұрлығы да енген. Қылмыстық кодексте мал ұрлығы үшін берілетін жаза күшейтілді. Енді мал ұрлығына қатысы бар кінәлі тұлғаларға бес жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы бұйырса, осы ұрлықты әбден кәсіп етіп, қылмыстық топ құрған, аса iрi мөлшерде жасалған мал ұрлап, бірнеше рет ұсталған қаскөйлер ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-1 бабы бойынша мүлкi тәркiленіп, жеті жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айырылады. Сонымен қатар, бұрын арыз берушімен татуласу, оның ішінде медиация тәртібімен бітімге келу және келтiрiлген зиянды қалпына келтіріп, қылмыстық жауаптылықтан босатылу мүмкін болса, енді Қылмыстық кодекстің 68-бабына өзгерістер енгізілуіне сай жазаның жеңілдігінен масайрап кеткен ұрылар бұл мүмкіндіктен айырылды. Яғни, ауыр қылмыс санатындағы мал ұрлығы татуласуға жатпайды.

Әлия ТӨЛЕГЕНОВА,

Ақжайық аудандық сотының бас маманы