26.04.2021, 9:40
Қараулар: 50
Тегеуріні мықты тергеуші еді

Тегеуріні мықты тергеуші еді

Біздің қоғамда сан қырлы мамандық иелері бар. Соның ішінде уақытпен санаспай еңбек ететін құқық қорғау құрылымдарының, әсіресе, тергеушілердің қызметі көзге көріне бермейді. Осы орайда Ақжайық (бұрынғы Чапаев) аудандық ішкі істер бөлімінде ұзақ жыл аға тергеуші болып еңбек еткен азамат туралы жазбақпын. Ол – қауіпті қылмыскерлердің жолын кесіп, ауданда құқық тәртібін сақтауға өлшеусіз үлес қосқан милиция подполковнигі Сүндет Молдағалиев. Кейіпкеріміз Алматы қаласынан милиция мектебін бітірген соң, Ұлы Отан соғысының ардагері, милиция полковнигі Қаби Сәрсенғалиев басшылық жасап отырған бөлімге жолдамамен келген еді. Чапаев аудандық ішкі істер бөлімінде қатардағы тергеушіден бастап, жас лейтенант подполковник шенін алғанша тапжылмастан бір жерде еңбек етті. Арасында тергеуші болмай қалған аудандарға (Шыңғырлау, Теректі, Тайпақ т.б.) айлап іссапарға  барып қызмет еткенін әріптестері жақсы біледі.

Сүндет Сәбитұлы қызметін адал атқарды, басшылар қандай тапсырма жүктесе де, оны орындау үшін уақытпен санаспай, орын алған қылмыс белгілері негізінде толық көлемде құжаттарды мұқият жинақтап келетін. Сондай оқиғалардың бірінен мысал келтіре кетсем.

1986 жылдары аудан орталығынан алыс орналасқан мал, егін шаруашылықтарымен айналысатын кеңшарлардың бірінде малшылардың жаз бойы жинаған шөптері жиі өртеніп, түн мезгілінде тұрғындардың  мал қоралары отқа оранатын. Малшы-шопандардың жанайқайы жоғарыға жетіп, сол кезде аудандық партия комитетінде қаралды. Мен бұл жиналысқа ішкі істер бөлімінің бастауыш партия ұйымының штаттан тыс хатшысы ретінде қатыстым. Партия комитеті қабылдаған шешімінің бір тармағында елді дүрліктіріп, өрт қойып жүрген адамды  табу міндеттелді. Алдағы уақытта өрттің алдын алу бағытындағы барлық жұмыс аудандық ішкі істер бөліміне тапсырылды. Осы жиыннан келген бойда аудандық ішік істер бөлімінің бастығы Сүндет Сәбитұлына барлық мән-жайды түсіндіріп, осы қылмысты ашуға тапсырма берді. Орда бұзар жасқа таяған жігіт оқиға орын алған ауылға бірден аттанды. Ол бір айға жуық уақыт бойы күздің салқынына қарамастан, күні-түні із кесіп жүрді. Білім-білігіне, облыс көлеміндегі жедел іздестіру саласының ардагер ағаларының ақылына сүйенген ол қылмысты ашып, ауылдастарының  маялаған шөптерін, қораларын өртеп жүрген жергілікті тұрғынды ұстады. Қылмыскердің өзі күнәсын толық мойындап, тергеудегі толық дәлелдеулермен расталып, тиісті жазасын алды.

Бірде ол өндірістегі бір қылмыстық іске байланысты Мәскеу қаласына сапар шекті. Ол жерде атақты «Лубянка» түрмесінде МҚК (КГБ) қызметкерлері ұстаған, бұрын бірнеше мәрте ауыр қылмыс жасап, қамауда отырған шешен азаматын іспен таныстыруға барған еді. Түрме ішінде оны іс-құжаттарымен таныстырды. Айыпкер шешен азаматы хаттамаларды оқып болған бойда тез арада құжаттарды ұсақтап жыртып тастапты. Тез көмекке келген жасақтар оның қолына кісен салған екен. Сүндет Сәбитұлы Мәскеуден келген соң, бір апта бойы ұсақтап жыртылған іс хаттамаларын қайта қалпына келтірді. Кейіпкеріміздің кәсіби біліктілігінің, табандылығының арқасында айласымен айғақтардан құтылмақ болған қылмыскер  сот ауыр жаза кесті.

Өмірде ел-жұрттың сенімінен артық не бар?! Жерлестері де оған көп үміт артатын. С. Молдағалиевтің адалдығын, жанкешті еңбегін бағалайтын. Жұбан елінің мал жоғалтқан тұрғындары Қаби Сәрсенғалиұлына келіп, істі тергеуді Сүндет Сәбитұлына тапсыруды өтінетін. Себебі ол мал ұрлығына қатысты істің сотқа дейінгі тергеп-тексеруінің жан-жақтылығын, толықтығын қамтамасыз етуге өзінің күш-жігерін салып, бүге-шүгесіне дейін зерделеп жұмыстанатын. Ол кезде қазіргідей ноутбук, компьютер т.б. атымен жоқ. Кейіпкеріміздің Мәскеу қаласынан сатып әкелген қызыл түсті жазу машинкасы болды. Оны ешкімге бермейтін. Қара лентасының өзін қалаға барғандарға тапсырыс беріп алдыртатын. Мысалы, көп эпизодты мал ұрлығымен он шақты күдікті адамға қатысты айыптау қорытындысын Сүндет Сәбитұлы түнімен қызмет бөлмесінде көз майын тауысып, екі мәрте машинкасын тақылдатып басып отырушы еді. Мұндай машинкалардың бір қиын тұсы – егер бір әріптен қате кетсе, барлығын қайтадан басуға тура келетін.

Тергеуші С. Молдағалиевтің жұмыс тәсілі бөлек еді. Алдына келген күдікті бұрын мал ұрлығымен сотталса, онымен әңгіме басқаша өрбітеді. Күдіктінің жеке басына қатысты толық көлемде мәлімет жинап, малы қолды болғандармен тығыз байланыс орнататын. Бұл әдіс-тәсіл бұрын жасалған кейбір қылмыстардың да ашылуына мүмкіндік бергені анық. Ал қазір жәбірленуші ұрланған жылқысын ізбен барып табады, мас күйдегі ұры оны сабап, орта дене жарақатын келтіреді. Осылай ұрыны ұстап берсе де, кейбір тергеуші істің мән-мағынасын жойып, созбалаңға салып, құрдымға жіберетінін естіп, көріп жүреміз.

Бүгінде арамызда жоқ Сүндет Сәбитұлымен кезінде үзеңгілес болған әріптестері оның қиын да, қауіпті қызметтегі адал еңбегін кейінгі жас тергеушілерге үлгі ретінде айтып жүрсе, игі.

Мұрат ТҰЙҒЫНБЕТОВ

ҚР ІІМ мінсіз қызметі үшін және ҚР Бас Прокуратурасының 1-дәрежелі озат төсбелгілерінің иегері

Орал қаласы