4.05.2021, 9:42
Қараулар: 37
Еңбекке құрмет

Еңбекке құрмет

Қоғамның қай саласында да абыройлы еңбек етіп, туған жерінің гүлденуіне үлес қосқан азаматтар әр кезеңде де құрмет-қошеметке лайық. Осындай жандардың ішінде еңбегі елеулі азаматтар Дәулетжан Жақсыбаев пен Сағынтай Бисенғалиевтерді аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов қабылдады.

Алдымен ол Қазақстан мəслихаттарының Құрметті депутаты, елге сыйлы азамат Дəулетжан Абдрахманұлы Жақсыбаевпен жүздесіп, мерейлі 70 жасымен құттықтады. Саналы ғұмырын білім мен тәрбие, әлеуметтік саланы өркендетуге арнаған еңбек ардагері әлі де сапта. Аудандағы қоғамдық келісім кеңесін басқарып отырған ол Жайық өзенінің экологиялық ахуалы, осы өзеннен салынуы тиіс көпірдің мәселесін әлсін әлі көтеріп жүр. Өзі де қазықтай тік, сөзі де мірдің оғындай өткір Дәулетжан Әбдірахманұлы турашылдығымен халықтың арасында беделге ие. Ел ағасының қарымды еңбегіне ризашылығын арнаған аудан әкімі оған ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тілеп, сый-тартуларын табыс етті.

Осы күні зейнет демалысына шыққан Қазақстан ақын-жыршылар одағының мүшесі, ақын Сағынтай Бисенғалиев те осындай құрметке ие болды. «Ақынды елге таныстырудың қажеті жоқ. Қайта сіздің есіміңізді атағанда, жырсүйер қауым «Ақжайықтың ақыны» деп мақтан етеді. Сіздің ерекше қабілетіңіз – тек рухани тірлігімізді ғана түлетіп қоймай, қоғамдық өмірімізге де өлшеусіз үлес қостыңыз. Аудан орталығында Жұбан сарайы көпшіліктің медеуімен бой көтерсе, жерлестерді игі іске жұмылдырған, ісімізге қамшы басқан – Сіз», — деп ризашылығын білдірді аудан әкімі.

Осы күні зейнетке шыққан әріптесінің құрметіне кітапханашылар Сағынтай Бисенғалиевтің атаулы ағашын отырғызды.

Өз тілшіміз