4.05.2021, 9:44
Қараулар: 35
Комиссия отырысында

Комиссия отырысында

Өткен аптаның бейсенбісінде аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетовтың төрағалығымен  құқықбұзушулық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша  аудандық коммиссияның отырысы өтті.

Күн тәртібінде  аудан көлемінде үй жануарларының қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар мен көші-қон саласындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша 2021 жылдың І тоқсанында атқарылған жұмыс қорытындысы, сыбайлас жемқорлықпен күрес жөнінде баяндамалар тыңдалды.

Үй жануарларының қатысуымен орын алатын жол көлік оқиғалары туралы Ақжайық аудандық АПб ӘПб бастығы, полиция капитаны Аман Әлмұқановтың анықтамасына сүйенсек, биыл осындай  6 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Олардың барлығында да көлікке соқтығысқан – жылқылар. Былтыр 10 жол көлік оқиғасының 7 еуі жылқыға қатысты орын алыпты, қалғандарында жүргізушілер жол бойындағы сиырларға соқтығысқан. Барлық оқиға бойынша  әкімшілік хаттама толтырылып, кейбірінде мал иесін анықтау мүмкін болмапты. Осы ретте айта кетерлік жайт, жануардың кімге тиесілі екенін айыруға болатын сырғаларды иелері «түсіп қалды» деп әдейі алып тастайтын да жайттар жиі кездесуде.

Жол-көлік оқиғаларының үй жануарларының қатысуымен орын алуының басты себебі – олардың еркін бағымда болуы. Осы келеңсіздіктің алдын алу үшін жыл басынан бері өз малдарын қараусыз жіберген  мал иелеріне 108 хаттама толтырып, солардың 30-ында 166 269 теңге айыппұл салынған. Қазірге 122 513 теңге айыппұл өндірілді.

Ауыл шаруашылығындағы жануарларды бірдейлендіру сырғалау, таңбалау туралы аудандық ветеринариялық станцияның басшысы Асхат Абдешов баяндады. Былтыр мал төлдерін бірдейлендіру үшін 22 000  құлақ сырғалары беріліп, жоспар 100 пайыз орындалса, биыл да бұл жұмыс жүйелі жүргізілмек.

Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы  Артур Ермұханов өз баяндамасында мәдениет саласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жұмыстар легімен таныстырды. Мәдениет саласының қызметкерлері арасында «Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ» , «Сыбайлас жемқорлықпен күрес – баршамыздың міндетіміз» тақырыбында құқықтық оқулар өткізілсе, барлық  кітапханаларда  адамзат кесапатын болдырмау турасында дөңгелек үстелдер ұйымдастырылған. Мектеп оқушыларын адалдыққа тәрбиелеу мақсатында «Адалдық алаңы» жобасы бойынша кітапханаларда сатушысы жоқ алаңдар жұмыс істеуде.

Аудан әкімі Қ Айтмұхамбетов  күн тәртібінде көтерілген мәселелер бойынша бөлім-мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеді. Ол  қараусыз мал иелерін анықтау, оларды заң жүзінде жауапқа тарту керектігін, бұл жұмысқа пәрмен қоспаса, үй жануарларының, әсіресе жылқылардың қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларына тосқауыл қою мүмкін болмайтындығын айтты.

Асыл  ҚАЙРАТ