4.05.2021, 9:47
Қараулар: 61
Бастамашылдық нәтижеге жетелейді

Бастамашылдық нәтижеге жетелейді

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ХVІІ есеп беру конференциясы өтті. Оны партия филиалы төрағасы Қалияр Айтмұхамбетов жүргізді. Конференция жұмысына алдын ала сайланған 54 депутаттың 50-і онлайн қатысты.

Конференцияның күн тәртібіне Ақжайық аудандық филиалы саяси кеңесінің 2019-2020 жылдары атқарылған жұмыстарының есебі мен алдағы атқарылар міндеттер, партияның сайлауалды Тұғырнамасының орындалу барысы туралы, аудандық филиалдың саяси кеңесін сайлау, партияның аймақтық филиалының конференциясына делегаттар сайлау туралы мәселелер ұсынылды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айжан Нысанбаева баяндама жасады:

«Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы  даму кезеңі Елбасы Н.Ә.Назарбаев жетекшілік ететін «Nur Otan» партиясымен тығыз байланысты екені мәлім. Партия демократиялық, саяси, экономикалық реформалардың іске асуына атсалысып, мемлекетіміздің дамуына үлесін қосып келеді. Осы орайда Ақжайық аудандық филиалы да алдымызда тұрған міндет-межелерді орындауда, мемлекеттік саясатты  жүзеге асыру бағытында көптеген жұмыстар атқарып келеді. Қазір аудандық филиал бойынша  2085 мүшесін біріктіріп отырған 22 бастауыш ұйым бар.Осында 177 партия ұйымдары жұмыс жасауда. 2020 жылы 112 адам жаңадан партия қатарына қабылданды»,- деді баяндамашы.

Бастауыш партия ұйымдарымен жұмыс жүргізу бағытында көптеген шаралар жүзеге асты. «Дөңгелек үстелдер», семинар-тренингтер, т.б. шаралар да аудан тынысының өзекті мәселелері талқыланды. Халықпен байланыс нығайды. Партия қатарына салтанатты түрде қабылдау, белсенді мүшелерді марапаттаулар дәстүрге енді.

Баяндамада  «Biz Birgemiz»  акциясы аясында партия төрағасының тапсырмасы бойынша  «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы» және «Ардагерлерді ардақтайық»  жобалары негізінде атқарылған жұмыстар айтылды.  Жергілікті бюджетті жасақтау кезінде «Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы назардан тыс қалмайды. Аудан көлемінде жүзеге асырылатын Жол картасы 14 нысаналы көрсеткіштер енгізілді, 114 іс-шара белгіленді. Алдағы уақытта жалпы ұзындығы 68  шақырым болатын Алғабас, Тайпақ ,Бударин , Алмалы, Мерген, Ақсуат ауылдарына  кіре беріс жолдары мен аудан орталығындағы ауыл ішілік жолдарын жөндеу жұмыстары қарастырылған. Чапаев және Тайпақ ауылдарында 6 көп қабатты тұрғын үй ,2 пәтерлі 12 коммуналдық үйлерді іске қосу  жоспарлануда. Мойылды, Самал, Тінәлі, Қабыл, Чапаев ,Үштөбе, Бітік , Коловертное, Тасоба, Қарағай, Жолап ауылдық елді мекендерде ауыз сумен қамту желілерін салу және қайта құру, 2025 жылға  дейін Ақсуат, Алмалы, Базартобе, Базаршолан, Жанабұлақ, Ж.Молдағалиев, Сайқұдық, Конекеткен; Жанама ауылдарындағы  медициналық нысандардың құрылысы, күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланды. Атамекен ауылында жаңа мектеп бой көтермек, ал Тайпақ мектеп-гимназиясы, Базартөбе, Ғ.Махамбетов, Жанабұлақ, Талап орта мектептерін жөндеу де келешектің еншісінде. Бұл жұмыстарды іске асыру үшін алдағы бес жылда 57  млрд. 451 млн. 200 мың теңге бөлу жоспарланған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Аудандық партия филиалы жанынан құрылған сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңесте аудандағы мемлекеттік құрылымдардың басшыларының есептері үнемі тыңдалады. Сыбайлас жемқорлық және құқық бұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайлар қорытындаланады, сондай-ақ анықталған кемшіліктерді жоюға бағытталған іс-шаралар өткізіледі. 2019-2020 жылдары 2 партия мүшесіне тәртіптік жаза қолданылған.

Конференцияда тиісті қаулы қабылданды. Аудандық партия филиалы саяси кеңесінің есепті кезеңіндегі жұмысына қанағаттанарлық деп баға берілді. Аудандық партия филиалының саяси кеңес құрамы сайланды, облыстық филиалдың есеп беру-сайлау конференциясына делегаттар сайланды.

Әсет БИСЕНҒАЛИЕВ