4.05.2021, 9:48
Қараулар: 83
Бударинде алма бағы жайнайды

Бударинде алма бағы жайнайды

Аудан жұртшылығы облыс әкімі Ғали Есқалиевтің «Менің аулам – менің бағым» жобасын қызу қолдауда. Наурыз айында республикаға белгілі бағбан Қайрат Кәрімовпен бау-бақша өсіруге ниетті жандар жүздесіп, алма өсірудің қыр-сырына қанықты. Сол кездесудің нәтижесінде жергілікті ауа райына, топыраққа бейімделген алма ағаштарын аталмыш кәсіпкер иелік ететін бақтан сатып алу жөнінде келісім жасалды.

Содан бергі бір ай ішінде ауданға 1285 алма талы жеткізілді. Ауыл-елді жеміс ағаштарымен жайқалтар игі істен тұрғындармен қатар шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер, мекеме ұжымдары тыс қалған жоқ. Айталық, аудан әкімі, ауылдық округ әкімдіктері 190 түпке тапсырыс берсе, мектептердің ауласында 100-ден астам алма ағашы отырғызылмақ. Сонымен қатар медицина мекемелері, мәдениет үйлері, Ақжайық аграрлық-техникалық колледж ұжымдары да аулаларында дәруменге бай жемісті өсірмек.

Әрине, бақ өсіретін адам тал егудің амалдарын, күтімін толық білу керек. Осыған орай әрбір ауылдық округке жаңа отырғызылған екпелерді қалай күтіп, суару қажет – осы жөнінде бейне нұсқамалар таратылды.

Ал апта сенбісінде 140 түп екпе Бударин ауылына жеткізілді. Оларды ауылдағы жеке кәсіпкер Ержан Битілеуов сатып алған. Ауылдың шетіндегі өзіне тиесілі аумақта бақ өсіруді қолға алған оның бастамасымен аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов танысты. Ол кәсіпкерге жұмысына сәттілік тілеп, алғашқы ағаш түптерін өз қолымен отырғызды.

1 гектар жерде алма өсірмек Ержан Битілеуов болашақта осы бақтың өнімдерімен ауыл тұрғындарының сұранысын қамтуды жоспарлап отыр.

«Міне бүгін өдеріңіз куә болып тұрғандай, ауылымыздың кәсіпкері жақсы істі қолға алып, ауылдастарына қуаныш сыйлап жатыр. Игі істің бастамасына баршамыз бүгін көмекке келіп, бақтың негізін қалауға үлес қоспақпыз .Бастаған ісіміз берекелі болсын. Ауылдастар атынан жерлесімізге зор алғысымды білдіремін. Ауыл шетінен жер телімін алып, оны қоршап, осыншама жерді алма бағына айналдырмақ ниетін қолдаймыз» деді Бударин округінің әкімі Шоқан Мұсағалиев.

Бақтың иесі Ержан Битілеуовтың жоспары ауқымды:«Бастаған ісімнің жерлестеріміздің тарапынан қолдау тауып жатқаныма өте қуаныштымын. Ауыл үлкендері батасын беріп, көшеттерді отырғызды. Барлық ауылдастарыма мың алғыс. Алма ағашын отырғызғанда, оның түбіне салатын темір ұнтақтарын  жергілікті азаматтардың көмегімен дайындадық, ал басқа да  өсіп жетілуіне қажет қоспаларды мен өзім арнайы сатып алдым. Бақтың Екі қапталынан қос құдық қаздырдым, енді пластик құбырлар арқылы су жіберіп баптаймыз. Алдағы күндері басқа да жеміс ағаштарының көшеттерін отырғызып, бақ көлемін 2 гектарға жеткізуді көздеп отырмын. Ол адағы уақыт еншісінде».

Сондай-ақ «Менің аулам-менің бағым» жобасы аясында ауданда  білім беру ұйымдарында «Мектеп. Алма бағы. Оқушы» деп аталатын жоба бастау алды. Мысалы, Есенсай орта   мектебінің ауласына  аталмыш жобаны қош көрген түлектер 50 түп алма ағашын отырғызды. Шарапатты шаруаның бас демеушілері  мектеп қабырғасынан 1983-ші жылы түлеп ұшқан азаматтар.  «Міне, жерлестеріміз өздері білім алған мектепке сый жасауда, Олар  алма ағашының көшеттеріне тапсырыс беріп, алдыртты. Туған ауылын гүлдендіруді мақсат еткен ағаларымыздың жақсы бастаманы қолдап, игі істерін алтын ұя мектептерінен бастағаны, әрине, ұстаздар қауымы мен оқушылар үшін үлкен мерей. Барлық көшеттер белгілі бағбан Қайрат Кәрімовтен сатып алынды. Яғни, біздің топырақта, осы жердің ауа райына бейімделген талдардың екі жылдан кейін жемісін берері анық. Түлектеріміз мамыр айының аяғына қарай  басқа да жеміс ағаштарымен қатар раушан гүлінде тарту етпек. Мектеп ұжымы атынан,оқушылар атынан айтар алғысым шексіз», – дейді мектеп директоры Мирдан Сапа.

Әсет БИСЕНҒАЛИЕВ