4.05.2021, 9:50
Қараулар: 38
Ортақ шаңырағымыздың тірегі — татулық

Ортақ шаңырағымыздың тірегі — татулық

Ел басынан небір қиыншылық өтпеді. Жоқшылық та болды, тоқшылық та болды. Соның бәрінде де ел бірлігі, халықтар татулығы, бір-біріне деген қамқорлық қасиеттері ерекше танылды. Жақсыға қуандық, жаманға жасыдық. Бұрында да алғы күннен ата-бабаларымыз үміттерін үзбепті. Аш-жалаңаш күндерді кітаптан оқыдық, кинодан көрдік. Ол – тарих. Тек сол қиындықтар енді қайталанбағанын тілейміз.

Менің туып өскен жерім – Харкин ауылы. Қазір Шабдаржап деп аталады. Шағын ауыл болса да, шаруасы мығым, адамдары бауырмал. Тұрмысқа қолайлы жер. Тұрғындар мал өсірумен, бақша салумен айналысады. Еңбекқор ауыл. Ұрпаққа білім беретін орта мектеп жаңадан салып, ауылымызға көрік беріп тұр. Осында туған жеріміздің тарихын айшықтаған мұражай да жұмыс істейді.

Туып өскен ауылының өркендеуіне жерлес азаматтарымыз да қарымды үлестерін қосуда. Олар осыдан үш жыл бұрын ауылға техникалық су кіргізсе, өздерінің атамекенге махаббатын «Шабдаржап – менің жүрегім» белгісін орнатып, тағы бір әйгіледі. Білім ұялары – мектепке де қамқорлықтарын біраз көрсетті. Бірлік деген осы. Татулық деген осы. Ауылымызда клуб, кітапхана, медпункт жұмыс жасайды. Жұмыстары жақсы.

Тұрмысымызды түлету үшін тұрғын үй салу қанат жайып келеді. Жыл сайын 2-3 баспана қатарға қосылады. Мұның өзі санаулы жыл ішінде ел келбетін көріктендірді. Бұл да татулық айнасы. Соның арқасында ауыл жаңаруда.

1 Мамыр бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық үлгісін әйелге кеңінен таныта түскен күнге айналды. Еліміз тұрғындары үшін ұрпақтар сабақтастығы арқылы тарихи қалыптасқан татулық, сенім ең маңызды қасиеттер екені осы Бірлік мерекесінде тіпті жарқырап көрінеді. Тілегіміз — осыдан айырмасын, тыныштығымыз ешқашан бұзылмасын, ұрпақ бізден де бақуатты өмір сүрсін.

Біздің қазақта: «Шеге тағаны сақтайды, таға тұяқты сақтайды, тұяқ тұлпарды сақтайды, тұлпар ерді сақтайды, ер елін сақтайды» деген өсиет сөз бар. Қандай керемет айтылған! Татулығы мен ынтымағы жарасқан еліміздің азаматтары аман болсын!

Әйгерім Қапиева,

көпбалалы ана.

Шабдаржап ауылы.