4.05.2021, 9:51
Қараулар: 35
Оттан да ыстық Отаным менің

Оттан да ыстық Отаным менің

Қазақ халқының «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген мақалын  жаттап өстік. Осы айтылған сөз бүгінгі келіп жеткен мерекеге орай айтылғандай. Себебі әлемде 256  ұлт бар делінсе, соның 130 дан астамын қазақ елі құшағына сыидырып отыр.

Өзім Лбішін (қазіргі Ақжол) ауылында дүниеге келіп, осындағы орта мектепті тәмамдадым.  Әкем Анатолий өмір бойы комбайншы болып еңбек етті, ал анам Мария  үй шаруасында бала тәрбиесімен айналысты.

Қазақ ағайын қашанда бауырмал халық. Қиын замандарда осы елді пана тұтып келгендердің бәрін бауырына басқан, жарты нанды бөліп жегенін жазбалардан оқып білеміз және біздің бала кезімізде ата-анам бұл турасында жиі айтып отыратын.

Осыншама ұлттың тілін тауып, ынтымақ пен бірлікті сақтап отырған бүгінгі биліктің саясаты бұрынғы ата баба ісінің заңды жалғасындай. Менің достарым да, араласатын ортам да – қазақтар. Мен қазақ жерінде туып, оқып, өсіп-өндім, сол себепті қазақ тілінде еркін сөйлеп, салт-дәстүрін бойыма сіңіргенмін.  2008 жылы Нұрсұлтан атты қазақ азаматымен отау құрып, қазақы шаңыраққа келін болып түсіп, бүгінде екі қыз, бір ұлды тәрбиелеп отырмыз. Ата-енені сыйлау, үлкенге ізеттілік секілді қазақ келіндерінің бойындағы  ибалықты дарытқан киелі топыраққа, сол жерде ұл-қыз өсіріп, тәлім мен тәрбиесін мекендеген жерінің салтына сай берген ата-анама  зор алғысымды білдіремін.

Бүгінгі қызметім кішкене бүлдіршіндермен байланысты болғасын, күнде балабақшаға келетін сәбилердің шат күлкісін көргенде, осындай  балалары бақытты, татулығы тарқамаған елдің  болашағы жарқын бола берсін деп тілеп жүремін.

Ұлтқа бөлінбей, барлығы ортақ біртұтас ел ретінде әлемді жаулаған дертпен біз де бірге күресудеміз. Құдай қаласа, оны да жеңіп, мамыражай заманға келеміз деген сенімдемін. Барша жерлестерімді ынтымақ пен бірлік мерекесімен құттықтаймын! Әрбір жанұя аман болып, бақыт бесігінде тербелсін, бейбіт өмірдің ақ таңдары ата берсін! Татулық пен тұрақтылық болса, қуатты болмақпыз.

Лидия ВЕСЕЛОВА

«Аяна» балабақшасы тәрбиешісінің көмекшісі.

ЧАПАЕВ