4.05.2021, 9:52
Қараулар: 30
Қасиетті мұрат

Қасиетті мұрат

Ел ынтымағын, туыстығын терең бағалап, пайымдайтындар қатары біздің ауданымызда да әрине, қалың. Бұл қандай ғанибет десеңізші.

Ауылдарымызда жаңа ғимараттар бой көтеріп жатады, қоныстой күніне жетіп, қуанышы таситындар да шүкір, аз емес. Иә болмаса, мысалы дейін, ауылымыздың бір түлегі, бүгінде алыс өңірлердің бірінде тұратын жан туып-өскен жеріне сартап сағынышын жалаулатып келіп жатады. Мұндайда қазағы, орысы, татары бар, басқасы бар, «Бақ деген осы ғой!» деп ағынан ақтарылғанын көрген сайын көңілің көркеймей ше! Түрлі ұлыстың әні әуелеп, биі орындалып жататын өнер мерекелері бір зор байлығымыз емес пе! Осындайда бірліктің арқасындағы бейбіт өмірдің мәнін ұғына түсесің.

Ұғына түсеміз, өйткені әлемде бомба жарылып, ішкі тыныштығы тас-талқан болып, баспаналары қирап жатқан елдер аз емес. Тіпті бір ұлттың жандары мүдделер алшақтығындағы мәселелерде түсіністікке, сабырға келе алмауынан қайшылыққа ұшыраған елдер бар. Осындай-осындай күйсіздік, қасірет, ырың-жырың, қасиетсіздіктер жайында білген сайын жаның түршігеді. Жаның түршіге отырып, «Қазақ елінің ауызбірлігіне жететін не бар!» деп, тәубеңе келесің. Дүйім баршамыз үшін қажет шыбынсыз жазымыздан айыра көрмесін Жаратқан Иеміз деген тілек тіл ұшына орала береді.

Мемлекетіміз бірлігіміздің тұрақтылықпен салтанат құруы үшін адам факторын, мінез-құлқын ұдайы ескеріп келе жатыр. Тәуелсіздігіміздің өткен кезеңіне ой жіберсек, бұған жүздеген мысал келтіруге болады. Көпұлттылық қоғамымыздың әлдеқандай бір кемшілігі, осалдығы емес, керісінше, нағыз артықшылығы екені дәлелденді. Барлық ұлт-ұлыстың ортақ мүддесін қорғау бекем сара саясат болып табылады.

Әрине, ырысқа бастар ынтымақты сақтау, еселеу жалғыз мемлекеттің, биліктің ғана шаруасы емес, бүкіл қоғамның қасиетті мұраты, борышы. Осы орайда әр саладағы еңбекқор, тиянақты, бауырмал жандарымыздың орны бөлек. Жуырда «Жайық таңында» ауданымызға келген инвестор Мұхтар Әйтімовтің еңбегі, елге зор жанашырлығы туралы керемет мақала басылды. Ширек ғасырдан бері бау-бақша өсірумен айналысатын ол енді Ақбұлақ ауылы тұсынан өндірістік кооператив құрып, алуан жеміс егуді бастаған. Жоспары ауқымды. Жергілікті жастарды жұмысқа тартып, жағдайларын жасауда. Міне, бірлікке қызмет жасау, мүдделілік үшін атсалысу деген осы емес пе. «Менің бақ өнімдерін тікелей сатып, пайда табуыма болар еді. Бірақ өз азаматтарымыздың ел экономикасын көтеретін кезі жетті», – дейтін Мұхтар секілді отансүйгіштер  қоғамның ерек ұйтқысы ғой. Қазағы да, басқасы да мақсаты орнықты, ниеті ізгі осындай мықтыларға қарап, ортақ үйімізді көркейтеді. Нағыз еңбекқорлардан елді, адамды сүюдің өнегесі атойлап тұрады. Өйткені, о бастан, яғни дүниеге келгеннен оларға осы тәрбие сіңірілген.

Сөзден сөз шығады. Әр азамат отаншылдыққа қабілетті, тек оны балғын кезінен демеп, ақ жолды көрсетуді айт. Әлбетте Отанды сүюді күштеп үйретуге болмайды. Өнегемен, нақты мысалмен баулыған абзал. Соны әр жеткіншек жүрегінен өткізе білуіне үй ішінен бастап, қоғам болып қол жетсе, міне, жоталы жетістік осы. Тағы да аудандық газетіміздегі полиция бөліміндегі Николай Горбунов туралы жақындағы жарияланым есіме түсті. Жедел кезекші ол көпұлтты аудан жұртының алғысына қапысыз қызметімен, елгезектігімен, үлкен-кішіге бауырмалдығымен, қазақшаға судай болуымен бөленіп жүр. Бұл қасиеттерінің түбі – отбасындағы тәлімнен, жүрген ортасында жақсы  адамдарға жақындығынан, өз парызын санаға сіңіруден.

Біздің жарастығымыздың тамыры, әрине, өте тереңде. Тоталитаризмнің теперішін бәрі көрсе де, жұрт шынайы достықты бағалады, әрдайым соған ұмтылды. Мұның ерекше күші, қуаты барын есімізден шығармайық. Тек сөз жүзінде емес, іс жүзінде, өнегемізбен, еңбегімізбен нәзік сезімді қажет ететін туыстыққа үлесімізді қоса білейік. Жаһандану дәуірінде бұл тіпті керек. Сонда бақ-береке біз үшін баянды болады. Бақыт жолы осы.

Еркін РАЙ,

Чапаев ауылының тұрғыны