4.05.2021, 9:53
Қараулар: 37
Ұйысқан жұрттың ұпайы түгел

Ұйысқан жұрттың ұпайы түгел

Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарындағы қиыншылықтардан мемлекетке, болашаққа деген сенімдері жоғалғандар аз болмаған еді. Неше түрлі қозғалыстарға, бейресми ұйымдарға қосылып, аузына келгенді айтатындар көбейгені де есімізде. Мұндай жағдай өршімеуі үшін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев қоғамда ауызбіршілік, тұрақтылық және келісімді орнықтыру мақсатында нақты, ықпалды шараларды қолға алды. Кеңес Одағы құлаған соң бұрын оның құрамында болған кейбр республикалардағы қанды шиеленіс, бір мемлекет ішінен екінші мемлекет тігу, ұлтаралық келіспеушілік  секілді сұмдықтардан ащы сабақ алу айрықша қаперленді.

Сондықтан Қазақстанның бірлік маршруты барған сайын екпін алды. Осылай болуға тиіс те еді.

Тоталитаризмнің әпербақан, озбыр саясатынан Қазақ жеріне сан ұлт күштеп қоныстандырылды. Сөйтіп олар  да осы саясаттың құрбаны болды. Ал Одақ ыдырап, дініміз, тіліміз, тарихи Отанымыз деп жатқан шақта бұрын  мидай араласқан түрлі ұлт өкілдері арасында алаңдаушылық, уайым ұшырасуы да заңдылық болатын. Тұңғыш Президентіміз олардың көңілдерінде еш күмән болмауы үшін күнбе-күн қолдан келгеннің бәрін жасады. Осының бәрі туралы бүгінде тек айту  оңай. Тіпті беделді деген халықаралық сарапшылардың «Қазақстан этностық және діни қақтығыстардан ыдырап кетуі мүмкін» деген болжамдарына, қайсыбір пессимистік көзқарастардың өзіне тосқауыл  қою мақсатында қаншама іс атқарылды десеңізші. Әуелде империя даламызға айдап әкелгендердің қазаққа  әбден бауыр басқаны да әлдебір күдікке орын қалдырған жоқ.

Бізге шабысу емес, табысудың ауадай қажеттігін уақыт қолға ұстатқандай көрсетіп берді. Ал тұтастығымыз үшін ең алдымен қазақтың өзі көш басында жүріп, ынтымақтың өшпейтін өнегесін танытса, басқалар да осы жолдан ешқашан ауытқымайды. Мұны да тарихымыз талай дәлелдеді, дәлелдеп келеді де.

1995 жылғы 1 наурызға Мемлекет басшысы жанынан консультативтік-кеңесші орган мәртебесімен Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Президент Жарлығы шықты. Бұл заман талабынан туындағаны сөзсіз еді. Аталған құрылымның азаматтық қоғам институттарын дамыту, мемлекеттік басқаруды жетілдіру, т.с.с. бағытта стратегиялық мәнге ие құжаттар қабылдануындағы орны орасан. Айталық, мысалы, жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап, дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру бойынша Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарына орай «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін, «Үлкен ел – үлкен отбасы» кең жобасын әзірлеуде, Бес институттық реформаны жүзеге асыру мақсатында ҚХА қалың бұқарамен кеңесе отырып, өзіне жүктелген міндеттерді тиянақты орындады. Тәжірибені байытып, белгіленген шаралар бүгінде нәтижелі жалғастырылуда. 2007 жылғы конституциялық реформа Ассамблеяны конституциялық мәртебесі бар мекеме ретінде бекітті. Оның парламенттік өкілдігі қамтамасыз етіліп, Мәжілістегі 9 депутаты елдегі барлық этностық топтардың мүдделерімен есептесіп отырады.

Жұмысы о бастан-ақ алыс-жақын көп елге мәлім бұл құрылым халықпен ұдайы ақылдасудың айтулы үлгісі, қоғамдық санаға серпіліс үстеуге барлық қазақстандықты тартудағы драйверлердің бірі болып табылады. Бұл ретте мәселен, «Қазақтану», «Мәміле», «Мың бала» жобаларын іске асыруы мәдени-тілдік ортаны одан әрі үйлестіріп, ортақ құндылықтардың бірлігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Дербестігіміздің өткен кезеңіне үңілсек, бел-белестеріміз көз алдыңа тұра қалады. 1997 жылдың жалпыұлттық татулықты нығайту және саяси қуған-сүргін құрбандарын еске түсіру, 1998 жылдың Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы болып өтуі жадымыздың сілкінуіне мол мүмкіндік әкелді. ХХ ғасыр тарихтағы ең қанды, өте күрделі кезең болып, адамзатқа өлшеусіз қасірет әкелгені мәлім. Ендеше, өткеннен сабақ алған абзал. Адамнан адамдық, кісілік кетсе, трагедия төбемізден төнеді. Ежелгілердің және бертіндегі аға толқынның ерлігі, өрлігі жаңғырды, ғасырлар қойнауынан халықтың қайғы-шері аршылды. Қазақ тарихының зәрулі мәселелеріне арналып 40 шақты еңбек басылды, асыл хандарымыздың, даналарымыздың саяси тағдыры, рухани мұралары сарапталды. Этнография, мәдениетіміз жайында бұрын-соңды шығып көрмеген кітаптар жарық көрді. Өткенге жүгінсең – кемелденесің. Республикамыздағы басқа ұлт-ұлыстар түпкі жұрттың қаһармандық өнегесіне де, небір азапты бастан кешкеніне де қаныға түсті. Жер аударылып, нәубетке ұшырағандардың қасіреті де кеңінен баяндалып, тасқа басылды. Мұның бәрі тарихымыздың тұтастығына, ұлтаралық ұғыныстыққа әрдайым  қызмет жасауда.

Сондай-ақ қоғамда саяси тұрақтылықтың, рухани келісімнің орынға түсуіне 1999 жылдың ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығының жылы болып жариялануы да айрықша ықпал етті. Қоғамдық бірлестіктер, ұлттық мәдени орталықтар, шығармашылық одақтар мен діни бірлестіктерді бір мақсатқа жұмылдыру жөнінде көп жұмыс тындырылды. Жастарды ата-баба дәстүрін, өнегесін қастарлей білуге, қазақстандық отаншылдыққа баулуға байланысты істердің мазмұны байыды. Бір-біріне бауырмалдықтың қазақстандық тұрпатының сансыз игілігін бұл атаулы жыл санаға  шегелей түсті.

Иә, моральдық адамгершілік, рухани дағдарыстардан  аман болу жолында тарихи зерде қайнарларынан сусындаудың жөні бөлек, жосығы ерекше. Шындық сол, тарихымызда ақтандақтар әлі бар. Осы хақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті құжаттарды аса мұқият зерделеу және көптомдық жаңа тарихымызды жазуға кірісу қажеттігін өзінің жыл басындағы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында атап  көрсетіп, «Бұл – ұлт шежіресін дәріптеу тұрғысынан алғанда стратегиялық маңызы бар мәселе» деп түйіндеуінде өте салмақты ой жатыр. Соның бәрі – халқымызды біріктіретін ортақ құндылықтарды жарқыратып аша білудің, сөйтіп, үйіміздің іргетасынан басталатын беріктігін, шексіз дәулет – ұлт бірлігін нығайтудың қамы. Айтылған мақалада «Бізді қай заманда да қиындықтардан аман алып келе жатқан басты құдірет – ел бірлігі. Ынтымағы жарасқан жұрттың қашанда ұпайы түгел… Біз көпэтностық сипатымызды артықшылығымызға айналдыра алғанымыз анық. Біздің ұлтаралық келісім саясатымыз әлемді мойындатты. Халқымыздың осындай ырыс-ынтымаққа негізделген жарасымын бағалай білуіміз керек. Бұл – кемел келешекке бастайтын бірден-бір дұрыс жол. Сондықтан ұлтаралық татулық пен келісімді сақтау – мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Түптеп келгенде, еліміздегі тұрақтылық пен береке-бірлік үшін  барлығымыз бірдей жауаптымыз», – деп баяндалуы баршаны биік мұратқа меңзейді.

Үй ішіңнен, босағаңнан басталатын ынтымаққа асыл дініміз әбден ұғынықты үндейді. Ешкімге де иненің жасуындай зиян жасама, еңбегің арқылы бүкіл адамның өмірін жақсартуға ұмтыл, көмек сұрағаннан тартынба, — дейді. Бұл бізге Құдірет Иеміз артқан парыз, жауапкершілік.

«Бақыт басы – бірлік, байлық басы – тірлік». Бабаларымыздың осы аманатына да адал болсақ, аруақ әманда желеп-жебейді.

Қадір ЕСБЕК,

еңбек ардагері.

Бударин ауылы