4.05.2021, 9:54
Қараулар: 131
Блокпосттар орнатылып, карантин күшейтіледі

Блокпосттар орнатылып, карантин күшейтіледі

Күллі әлемді тығырыққа тіреген коронавирустың елімізге аяқ басқанына жылдан астам уақыт өтті. Тегеуріні бәсеңдейтін түрі жоқ, көктеммен бірге қайта күшіне енгендей. Күн сайын  вирусты жұқтырғандардың саны артып, сіз бен біз білетін адамдардың арасында таралғаны жөнінде ақпарат үрейді ұшырып барады. Күні кеше өңірде жұқпаның тез таралуына байланысты карантин талаптары күшейтілуде деген ақпарды да құлақ шалуда.  Осы қаулыдағы өзгерістерді халыққа түсінікті етіп жеткізу мақсатында аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ерлан Қанатбаевпен сұхбаттастық.

Ерлан Кенжеғалиұлы, тек бір елді ғана емес, Тасадан төнген пандемия көпті әбігерге салды.  Маска тағып, бір-бірімізден 2 метр қашықтықта алшақтап жүргенімізге жылдан асты. Десе де мына жұқпа жойылар емес. Ресми ақпараттарда соңғы кезде вирус жұқтырған науқастар көбейіп жатыр деген мәлімет бар. Сөз алдында аудан бойынша эпидемиологиялық ахуалға тоқталып өтсеңіз.

– Иа, ахуал қазір күрделі. Соңғы үш аптаны алар болсақ, 5-11 сәуір аралығында 30, 12-18 сәуір аралығында 28, өткен аптада 24 адам тіркеліп, таралу деңгейі төмендеп келе жатқандай көрінгенімен, осы аптаның тек дүйсенбі-сейсенбісінде вирус тағы 10 адамнан анықталды. Біздің мақсатымыз – вирустың таралу аясын шектеп, тосқауыл қою. Коронавирус расталған науқастармен байланыста болған адамдарды анықтап, оларды да тексеруден өткіземіз. Мұның бәр, сайып келгенде, сіз бен біздің саулығымыздың қамы үшін атқарылған жұмыстар. Әлі де болса, карантин талаптарын бұзатындар бар арамызда. Күні кеше Тайпақ ауылында көпшілік адамның қатысуымен өткізілген шара жөнінде дерек расталып, себепкерлерге айыппұл тағайындалды. Бұл біз көріп-біліп жатқанымыз ғана, астыртын, ым-жымын білдірмей, тығылып өткізіп жатқандар қаншама. Сондықтан мониторингтік топтарға қырағылықты күшейту керек. Сол той-томалаққа барып, ауырған адамдар көбінесе қайдан жұқтырғанын жасырып қалады. Бір ауылда бір күнде бірнеше адам вирус жұқтырса, көпшілік шараның болғаны аян. Әлі де қаннен қаперсіздікке жол беретініміз өкінішті. Міне, соның салдарынан эпидахуал күрделеніп, карантинді күшейтуге тура келіп отыр.

– Расында да, карантин талаптары облысымызда күшейтіліп, бірқатар шектеулер қойылмақ. Сол жөнінде оқырманға ақпарат берсеңіз.

– Өңірімізде облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің орынбасары Н.Мұстаевтың 26 сәуірдегі №11 қаулысымен 1 мамырдан бастап күшейтілген карантин режимі енгізіледі. Бұл қаулы бойынша Орал қаласы мен аудандардың елді мекендері арасында көлік құралдарының кіріп-шығуына тыйым салынды.

Аса қажеттілік туындамаса, түнгі мезгілде, яғни сағат 00.00-ден 06.00-ге дейін ауыл ішінде де адамдар мен жеке көліктің қозғалысына да шектеу қойылды. Аудан аумағында блокпост екі жерге қойылады: Бударин мен Тайпақ ауылдарының тұсында.

Қаулымен бекітілген салалар тізіміне енгізілген мекемелердің жұмысшыларына растайтын анықтама болған жағдайда блокпосттан өтуге рұқсат берілген. Былтыр облыс көлемінде STOPCOVID.KZ сайты іске қосылғаны мәлім. Қазір де қала, ауыл арасында қозғалыс рұқсат етілген мекемелер өз қызметкерлерін, автокөліктерін осы сайтқа тіркейді. Кез-келген тексеруші сайтты ашып, азаматтың ЖСН-ін енгізіп, оның рұқсаты бар-жоғын анықтай алады.

Сонымен қатар аталмыш қаулыға сәйкес адам саны 15-тен асатын мекеме-бөлім, кәсіпорын қызметкерлерінің 80 пайызын және жеке кәсіпкерліктегі жұмысшылардың 50 пайызын қашықтан жұмысқа ауыстыру қарастырылған.

Бұл құжатта жергілікті мониторингтік топтар мен полиция бөлімдерінің тексеру жұмыстарына пәрмен беру ерекше тапсырылды. Үй карантиніндегі адамдардың оқшаулау ережелерін бұзбауы да назарда.

Көрермендермен спорттық іс-шара, конференция, форум өткізуге, отбасылық шараларды ұйымдастыруға бұрынғыдай тиым салынды. Банкет залдары, тойхана-ресторандар, мәдениет нысандары қызметтеріне де рұқсат берілмей тұр.

Жоғарыда аталған талап-шектеулерді орындамаған жағдайда азаматтар Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 476-бабына сәйкес әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

–Жеке кәсіпкерлік, яғни бизнес өкілдеріне қандай талаптар қойылуда?

– Карантин талаптары ең алдымен, кәсіпкерлердің қызметіне ауыр тиюде. Жұмыс уақыты шектеліп, кейбіреулеріне тіпті қызметтерін тоқтатуға тура келді. Осы қаулыда да бизнес нысандардың жұмысына қатысты біраз шектеулер бар. Айталық, азық түлік дүкендері сағат 08.00-ден 23.00-ге, дүйсенбі-сенбіде ашық базарлар 09.00-ден 17.00-ге, азық түлік емес дүкендер, 09.00.-ден 18.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етілген. Ал  жабық базарлары тек жұмыс күндері 09.00-ден 17.00-ге дейін жұмыс істей алады. Сұлулық салондары, шаштаразға бару үшін алдын ала жазылу керек.

Пандемияда әбден тығырыққа тірелген кәсіпкерлерге жақсы жаңалық —  олардың үздіксіз, қауіпсіз жұмыс істеуі үшін «ASHYQ» мобильді қосымшасы пилоттық режимде іске қосылды. Аталмыш жоба тек қоғамдық тамақтандыру нысандарына қатысты қолданылады. Ол үшін осындай мақсатта қызмет ететін нысан «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының жергілікті филиалына өтініш түсіреді. Өтініш мақұлданған соң, оларға арнайы QR-код беріледі. Сосын оны тамақтандыру орындарына іліп қою керек. Мұнда келген адам телефонындағы мобильді қосымшаны ашып, QR-кодқа тақағанда, ковидтің кез келген формасын анықтайтын төрт түс жанады. QR-кодтағы жасыл түс келуші деректер базасында COVID-19-ға теріс нәтижемен ПТР-тестілеуден өткенін; көк – ПТР-тестілеу нәтижесі жоқ, COVID-19 жұқтырушымен байланыспағанын; сары – дерек базасында коронавируспен ауырған адаммен байланыста болғанын; қызыл – COVID-19 бойынша оң нәтижемен тіркелгенін білдіреді.

Қазір қоғамдық тамақтандыру орындарында әрбір үстелде 4 адамнан артық отырмауы, үстелдер арасында 2 метр арақашықтық сақтау қажет, бір мезетте кіретін адам саны да да шектеулі: толтырылуы 50 пайыз, 30 адамнан аспау қажет. Осы мобильді қосымшаның берер артықшылығы – бұл жобаны іске қосқан нысандарда бұл шектеулердің барлығы алынып тасталады. «Аshyq» мобильді қосымшасын әркім өз еркімен қолданады және ол қауіпсіз орта қалыптастыруға, келушілерді вирус жұқтыру, індеттің таралу қаупінен қорғауға арналған, сондай-ақ бизнеске карантин кезінде қызметін жалғастыруға мүмкіндік береді.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен Әлия ШАРАПИЕВА.