4.05.2021, 9:56
Қараулар: 124
Індетпен ел болып күресу керек

Індетпен ел болып күресу керек

Өткен аптаның жұмасында аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушевтің төрағалығымен аудандаға санитарлық-эпидемиологиялық ахуал, вирустың таралуының алдын алу бойынша жиын өтті. Онлайн өткен шараға ауылдық округ әкімдері, мектеп басшылары, өзге де мекеме-ұжым өкілдері қатысты.

Індеттің басталғанына жылдан асты. Былтырдан бастап елге енген індеттің қарқыны әлі әлсіремей тұр. Облыс, соның ішінде ауданымыз да пандемияның таралуы салдарынан қызыл аймақтан шыға алмай отыр. Күн сайын күнделеніп бара жатқан эпидемиологиялық ахуал алаңдатпай қоймайды. Әсіресе, тұрғындары бір-бірімен мидай араласатын ауыл-елді мекендерді індет құрсауынан аман алып шығу керек. Осы жайында баяндаған Т.Александрұлы осы аптадағы деректермен бөлісті.

– 2021 жылдың қаңтарынан ауданда 285 адам вирус жұқтарған. Індеттің салдарынан 5 жерлесіміз қайтыс болып, ағайын-тума, отбасылары қара жамылды. Жағдай әсіресе, Чапаев, Тайпақ, Алмалы ауылдарында ушығып тұр. Жан басына шаққанда, соңғы ауылда вирустың таралуы жойқын, аз ғана уақыттың ішінде 22 адам індетке шалдықты. Чапаевта 53, Тайпақта 23, Ақжолда 9 адамнан ПТР тесті арқылы дерт расталып, емдерін алуда. Осындай жағдай өзге округтерде қайталанбас үшін сақтану шараларын қамдаған жөн, — деді Т.Ғабдушев, — бір таңқаларлығы, әрбір ауылдық округте құрылған мониторингтік топтардың мәліметінше, көпшілік жиналатын іс-шаралар өткізілмейді. Десе де көпшілік бас қосатын ауызашар, жасырын тойлардың бар екені ақиқат. Сол топтардың мүшелері «бармақ басты, көз қыстыға» жол беріп отыр. Мұнымен кімге жақсы жасамақ?! Тиымдарға құлақ аспасақ, жағдай бұдан да күрделене түсеріне көз жеткен уақытта ағайыншылдыққа жол бермеу керек. Ауыл-аймақтардағы көптеген олқылықтарды анықтаған сол жердегі өкілдер емес, ауданнан барған мониторинг топтары. Сондықтан топ құрамын қайта қарап, сақтығымызға салғырт қарамайтын, бейқамдыққа бармайтын ауыл азаматтарымен жаңартуды тапсырамын. Іргеде өтіп жатқан той-томалаққа көзін жұмып отыратын адамдардың қажеті жоқ.

Өмір болған соң, өлімнің болуы да хақ. Бір ауылдың азаматтары болғасын, ағайынның қазалы отбасының қайғысын бөлісуі де заңды. Бірақ осындай жаназаларда жұрттың сақтықты былай қойып, маскасыз келетіндері қынжылтады. Осы мәселеге қатысты аудан әкімі әрбір ауылдық округте халыққа сөзі өтетін адамдардан үгіт-насихат топтарын жасақтау керектігін айтты. Олар садақа өтіп жатқан жерде санитарлық талаптарды сақтау жөнінде көңіл айта келген көпшілікке ескертіп отырса, құба-құп.

Сонымен қатар ол вакцинациялау шарасы бойынша да мәліметтерді ортаға салды. Тап осы күнге дейін ауданда 850 адамға вакцина егілген. Пайыздық үлеспен алсақ, тұрғындардың Чапаевта 3,7, Алғабаста 3,3, Есенсайда 3, Тайпақта 2,4 пайызы екпе алды. Т.Ғабдушев Ақсуат, Жамбыл, Көнеккеткен, Қурайлысай ауылдық округтерінің әкімдеріне вакцинация туралы тұрғындарды ақпараттандыруды қаперледі.

Бұл жиында Тайпақ ауылдық округінің әкімі Болат Шаленов, Алмалы ауылдық округінің әкімі Жарқынғали Ахмет эпидемиологиялық ахуал, карантин талаптарын сақтау жөнінде баяндама жасады.

Әсел САҒЫН