4.05.2021, 10:02
Қараулар: 103
ОРМАНДЫ ӨРТКЕ БЕРМЕЙІК

ОРМАНДЫ ӨРТКЕ БЕРМЕЙІК

Орманның жауы – өрт. Отты кез келген орында жағу, оның орнын шала сөндіру, темекі тұқылын сөндірмей тастаудан жиі өрт шығады. Мұны әркім естен шығармауы қажет. Қайсыбіреулер орманға демалуға барғаннан кейін қалдықтарын бір жерге үйеді де, түк болмағанда кете барады. Олай емес, өздерімен бірге ала кету керек. Онсыз орман іші, су жағасы қоқыс-қалдықтармен ластанып, аптап ыстықта олар тұтанып, орны толмас шығын келтіруі мүмкін.

Тайпақ  орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеме қарамағындағы 30306 гектар жер бар. Мекеме Тайпақ, Степной, Алмалы, Антон, Қарауылтөбе орманшылықтардан құрылған.

Міне, шуақты күндердің қызуы артқан сайын орманшылардың да қырағылықты күшейтуіне тура келеді. Әсіресе, осындағы орманды сақтау және қорғау инженерінен бастап, 5 орманшы, 5 орман шебері, 22 орман инспекторы  қызметкерлері алдына қойылар талап жоғары.

Мемлекеттік мекеме бойынша минералды алқапты орналастыру 2 км, минералды алқапты күтіп-баптау 723 км, орам соқпағын кесу 3 км өртке қарсы шаралары жоспар бойынша орманшылықтарға бөлініп бекітілді. Орман қорымен шектес шаруа қожалықтарына 36 дана ескертпелер орманшыларға жеткізілді.

Мекеме мен орманшылықтар бойынша өрт қауіпсіздігі маусымында хабарласу үшін  6 радиоторап бар, орталық кеңседе 3 телефон, әр  орманшылық 1 телефонмен қамтамасыз етілген. Өрт қауіпсіздік кезеңіне орманшылықтарда кезекшілік кестесі жасақталды. Мемлекеттік мекеме бойынша орман өрті орын алған жағдайда орман өртін хабарлау сұлбасы жасалып, бекітілді.

Келеңсіз жайт орын ала қалса, қолданылатын техника-құралдардың да сақадай сай болғаны жақсы. Бұл тұрғыда, өрт сөндіргіш машина, жер жыртатын соқалар мен трактор және су шашқыш тіркемелерімен трактор дайын. Сегіз өрт сөндіруші жауынгер мен екі автокөлік жүргізуші бар. Қарапайым құралдардың да жайы алдын ала қамдалды.

Алайда, орманда тұтанған өртті сөндіре салу оңай шаруа емес. Сондықтан, ортақ іске көпшіліктің де жұмылғаны қажет болады. Ең абзалы, орман өртінің шығуына жол бермеу және оның алдын алу шараларын жасау керек.

Тіршілік табиғат көзі, сарқылмас байлық – орман қорын болашақ ұрпаққа қалдыру – ортақ міндет.Сол себепті тұрғындарға орманға келген кезде өрт қауіпсіздік ережелерін естен шығармауын сұраймыз.

Досхан ӨМІРЗАҚОВ,

Тайпақ орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің орман қорғау инженері