4.05.2021, 10:03
Қараулар: 41
Сарытоғайда сан іс бар атқарылыған

Сарытоғайда сан іс бар атқарылыған

Еліміз Егемендігін алғалы сан түрлі «соқтықпалы-соқпақты» жолдан өтті. Өзгесін айтпағанда, тоқсаныншы жылдардағы «өтпелі кезең» өте ауыр өткені жасырын емес. Бірақ бабаларымыздың сан ғасырлық арманы болған қасиетті Тәуелсіздіктің бодауына байлап берген, талай қиын нәубеттерді басынан өткерген ер халқымыз бұл ауыртпалықтан да аман өте білді. Қиындық артта қалған соң, білекті сыбана, сындарлы тіршілік қамына кірісіп кетті.

Бүгін тілімізге тиек болғалы отырған Жұбан Елі-Ақжайық ауданындағы Сарытоғай ауылдық округі. Ақжайық – Орал мен Атырау облыстарын қосатын, Жайықтың қос жағалауын қатар жайлаған алып аудан. Сол алыптың ең қиыр нүктесі осы Сарытоғай ауылдық округі. Атырау облысының Дендер, Қызылқоға аудандарымен шектесіп жатыр. Округ 1965 жылы асыл тұқымды «Тайпақ» қаракөл қой кеңшарынан бөлініп, «Зауральный» кеңшары болып құрылған. Ару Жайықтың жағасын ала орналасқан округ орталығының табиғаты тамаша. Тек, соңғы жылдары қалыптасқан экологиялық ахуалға байланысты, ну орманның сиреуі жергілікті халықты қатты алаңдатуда. Қыр-жайлауы малға қолайлы, кезінде төсінен төрт түлік мал өрген аймақ. Аудан бойынша түліктің төресі – түйе де тек  осы шаруашылықта өсірілген болатын.

Округ аумағында тарихи тұлғалар жерленген қасиетті орындар өте көп. Аудан әкімшілігінің қолдауымен арнайы топ жасақталып, округ көлеміндегі мазарлар мен құлпытастарды, мешіт орындарын зерттеді. Бұл сапарлар барысындағы қиын да, қызықты жұмыстардың атқарылуына, қарқынды жүруіне ауылдық округ әкімшілігі мен басқа да мемлекеттік  қызметкерлер жоғары дәрежеде  қолдау білдірді. Сарытоғай жерінде Аралбай, Айбас секілді батырлар бейіті, «Хан шапқан» тарихи орыны орналасқан. Жалпы мемлекетіміздің «Мәдени мұра», «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» секілді ауқымды бағдарламаларды іске асыруына ауылдағы мемлекеттік қызметкерлердің белсене араласқанын айта кету парыз. Енді, ауылымыз жөнінде толыққанды мәліметті кеңірек, цифрларды сөйлете, мәлім етелік.

Сарытоғай ауылдық округінің жер көлемі 253,4 мың гектар. Облыс орталығы Орал қаласынан 330, аудан орталығы Чапаев ауылынан 200 шақырым қашықтықта Жайықтың сол жағалауында орналасқан. Округке Жанама, Сарман елдімекендері кіреді. Сарытоғай ауылдық округінің аумағы шөл және шөлейт аймаққа кіреді. Округ территориясында негізінен шөлге шыдамды өсімдіктер өседі. Округте 1 орта , 1 бастауыш мектеп, 1 мәдениет үйі, 2 кітапхана, 1 фельдшерлік акушерлік пункт, 1 медициналық пункт,1 ветеринарлық телім тұрғындарға қызмет көрсетеді. Округте тіркелген шаруа қожалықтары мал басын асылдандыру, лизингке техника алу, тағы сол сияқты мемлекеттік бағдарламаларға белсене қатысуда. 13 шаруа қожалығы лизинг арқылы барлық қосымша құрылғылармен ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды.

Округ территориясының үлкен аумағында бор, гипс, құмды гравий қоспасы өндіріледі. Округ территориясында құмды гравий қоспасын өндірумен айналысатын «Батыс құм» , «Озерный», «Жайық недра», «Иси Гипс Индер» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жұмыс жасауда.

Жалпы округтің жер бедері  жазық, округ аумағында оба-қорғандар, ескі мешіттердің орындары, зираттар мен саздан тұрғызылған мазар, бейіттер көптеп кездеседі. Округ территориясында өмір сүрген батырлар Айбас, Өмірәлі, Демес, басқа да аттары аңызға айналған тұлғалар жөнінде аңыз-әңгімелер көп. Тәуелсіздік жылдары округ территориясындағы бұрын зерттелмеген ескі оба қорымдардың картасы жасалып, аудан, облыс көлемінен арнайы экспедициялар келіп, зерттеу жұмыстары жүргізілді.

Ауылдың өркендеп гүлденуіне мүмкіндігінше барлық жағдай жасалып келеді. Атап айтқанда, 2011 жылы округ орталығы Жанама ауылына көгілдір отын келіп, қазіргі таңда барлық мекемелер мен 121 тұрғын үй көгілдір отынмен қамтылған. Сонымен қатар округке қарасты Сарман ауылы 2020 жылдың аяғында көгілдір отынға қосылып, 24 тұрғын үй мен барлық мемлекеттік мекемелер пайдалануда.

2015 жылы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында ауыл орталығындағы саябақта Ұлы Отан соғысына қатысушы барлық сарытоғайлық майдангерлер мен боздақтарға арналып, жаңа ауқымды ескерткіш орнатылды. Ескерткішке соғыстан оралмаған 131 жерлес боздақтың және сұрапыл соғыстан аман-есен елге келіп, бейбіт кезеңде өмірден өткен 47 майдангердің есімі жазылды.

2014 жылы ауыл тұрғындары «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында таза ауыз сумен қамтылды. 2018 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен ауыл мектебін әр жылдары бітірген түлектер және шаруа қожалықтарының демеушілігімен округ орталығы Жанама ауылында жазғы сахна пайдалануға берілді. Сол жылы ауыл балалары үшін спорт алаңы бой көтерді. Ал 2019 жылы 2009 жылғы мектеп түлектерінің қолдау демеушілігімен ауылдың атауы жазылған белгі орнатылды.

Сарытоғай ауылдық округі бойынша бүгінгі күні 11 кәсіпкер және мал шаруашылығымен айналысатын 29 шаруа қожалығы тіркеліп, жұмыс жасауда. Тәуелсіздік жылдарында округ бойынша мал басының саны МІҚ – 2534 бас, қой – ешкі — 4147 бас, жылқы — 846 бас, түйе – 13 бас, құс – 600 басқа жетті.

Қорыта айтқанда, тіршілік үшін әлемді алқымдап тұрған «Ковид-19» індетінің қолбайлауына қарамастан, қиын да, күрделі істер ретімен атқарылды. Мемлекеттік қызметкерлер қандай жағдайда да халыққа адал қызмет көрсету жолындағы жұмыстарын жалғастыра береді. Үстіміздегі жыл – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Осы бір қасиетті мерекені Тұңғыш Елбасымыз Н.Назарбаев пен ел Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмаларын орындау бағытында нәтижелі қарсылауға ниеттіміз.

Биыл атақты жырау, ҚР Мәдениет қайраткері, марқұм Көшерғали Мақаровтың туғанына 70 жыл толмақ. Республика, облыс көлемінде өткізілуі жоспарланған мәдени шараларға да өз үлесімізді қосу – перзенттік парыз. Ауыл шаруашылығына түбегейлі бетбұрыс жасау да – ойдағы мақсат.

Кездесер кедергілерді бірлесіп жеңе отырып, әлемді жайлаған індетті ауыздықтауға да, карантин талаптарын қатаң сақтауымызбен, уақтылы екпе, емдерді алып тұруымызбен құтылармыз деген зор сенім бар. Округтің еңбексүйгіш халқы еліміздегі барша халықтар сияқты ел Егемендігінің тұрақтылығы мен тыныштығы жолында жұмыстана береді.

Сағынтай БИСЕНҒАЛИЕВ,

Қазақстан ақын-жазушылар одағының мүшесі