4.05.2021, 10:04
Қараулар: 107
Әдепті қызметкер — мемлекет айнасы

Әдепті қызметкер — мемлекет айнасы

Бүгінде көпшілік мемлекеттік қызметкерлердің білім-біліктілігінен бұрын адамгершілік қасиет пен әдеп-мәдениетті талап ететіні рас. Өйткені, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігі олардың жұртшылық алдындағы мемлекеттік басқару органдарының имиджін анықтайтын мінсіз әдеп, мінез-құлықтарымен қатар жүруі керек.

Елбасының «Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» – Ұлт жоспары аясында мемлекеттік қызметшілердің жаңа әдеп кодексі қабылданып, этикалық нормаларды бұзуға әкелетін теріс қылықтардың алдын алу бойынша шаралар қарастырылды.

Осы кодексте «Мемлекеттік қызметші өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін өзі жүзеге асыратын кәсіби қызметіне жұмсайды, өзінің Отаны – Қазақстан Республикасына қалтқысыз әрі адал қызмет етеді деп сенеді» делінген. Халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған негіздермен жұмыс атқару қажеттігі түсіндіріліп отыр.

Бұған қарап отырып, біз бұрынғыдан гөрі мемлекеттік қызметшілерге қойылар талаптардың күшейгендігін байқаймыз. Мемлекеттік қызметшінің моральдық бет-бейнесі мен этикасына айрықша көңіл бөлінуінің астарында оның іскерлігі ғана емес, сонымен қатар, айналасындағыларға құрметі мен ізеті де сараланады. Сондықтан да мемлекеттік қызметшілерге зор міндеттер жүктелуде.

Халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығы және әділдігі, өз жұмысына деген жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуы – әрбір мемлекеттік қызметкердің міндеті. Демек, адамдар арасында осы қызметші туралы дұрыс пікір, оң көзқарас, оған деген айқын сенімділік қалыптасуы қажет.

Елбасы Н.Назарбаев: «Әр қызметкер іс жүзінде өзінің пайдалы екенін және керектігін ұдайы дәлелдеп отыруға тиіс» дегендей, біз әркез қызмет көрсетудің жоғары стандарттарына сәйкес болуға, адалдық, ашықтық және әділдік қағидаттарын басшылыққа ала отырып, қызметтерді кәсіби көрсетуге талпынуымыз керек. Себебі, азаматтармен өзара тиімді қарым-қатынас мемлекеттік органның негізгі өлшемдерінің бірі болып табылады.

Сол себепті, мемлекеттік қызметші болу – зор құрмет. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Мемлекеттік қызметке біз жұмыс істеу үшін шақырамыз. Себебі, халқымыз бізді өзіне жұмыс істеу үшін жолдайды. Сондықтан, біз еліміздің, халықтың қызметшісі екенімізді ұмытпайық.

Мансапқорлық көрсетпей, халыққа жақын, әр істе әділ болып, әрбір адамның мұң-мұқтажын қолдан келгенше түсініп, оны дәл сол кезде орындай алмасаң да түсіндіріп, дұрыс жауап беріп, шығарып салу – біздің парызымыз. Сонда мемлекеттік қызметкерлер халыққа жақын болады» — деп айтты.

Елбасының айтқан бұл сөздері әрбір мемлекеттік қызметші үшін басты қағидаға айналып, өзіне жүктелген міндетті абыроймен орындай беретініне сенімдімін.

Жандарбек ТУРСЫНОВ,

Базаршолан ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы