17.05.2021, 9:09
Қараулар: 243
Жабайылықтың қай түрі бұл?!

Жабайылықтың қай түрі бұл?!

Чапаев ауылындағы Николай Майданов атындағы саябақтың ашылғанына биыл төрт жыл толады екен. Әдемі қоршалып, жарығы жалғанған, сән-сымбатымен ауылымыздың ажарына ажар қосып тұрған керемет демалыс орны. Мұнда спортпен шұғылданасың ба, балаңды әкеліп ойнатасың ба, әлде жәй қыдырасың ба – барлығына жағдай жасалған. Тіпті су бұрқағымен ашылып, тұрғындарға  пайдалануға берілген болатын.

Алайда сол саябақтың күйі бүгінде нашарлап тұр. Неліктен деуіңіз орынды-ақ. Жауап біреу – сіз бен біздің жабайылығымыз, өз ауылына, туған жерінің сұлулығына бейжай қарау себеп. Қазір ауылдық әкімдіктің тікелей назардан қалдырмай қадағалаудың арқасында аталған демалыс орыны әупірімдеп аман тұр. Тұрғындарға тіптен қажет еместей көрінеді. Өйткені ашылғаннан бері небір тентек-бұзақылар осы саябақты қиратуға өш.

— Қалай ашылды, солай басталды. Шамдарды қиратып, түнімен осында отырған адамдар айналаны бүлдіріп әлек. Бұл масқара ғой. Неге сонша сол саябаққа өштескенін түсінбедім. Сол жылы жастарды ұстадық. Жаза ретінде қиратқан шамдардың жаңасын орнатуын талап еттік. Ата-аналары қалпына келтірді. Содан біраз тынышталғандай болды да, қайта басталды. Үш рет шамдарын ауыстырдық. Соңғысы – былтыр қыркүйек айында жаңадан 96 шам орнаттық. Жаңа жылға дейін 12-ісі қалды. Субұрқақты да сындырып кетті. Қазір жасамай тұр, — деп  ауылдық округі  әкімі Нұртаза Набиденов өзінің жанайқайын жеткізді.

Қарап отырсаңыз, бұның бәрі қасақана жасап отырған нәрсе ме деген ойға қаласың. Өйткені, жаңасын қоя сала, бір апта өтпей қирату басталады екен. Бір күзетшісі бар, түнгі он бірге дейін отырады, соның көзі тайғанын арнайы күтетіндей. Әкімнің айтуынша, енді биылдан бастап бейнебақылау орнатпақ. Ауыл бойынша 21 учаскеге орнатылатын 63 камераға тапсырыс берілсе, соның үшеуін сол саябаққа қондырмақ. Екеуіндегі жазба тікелей ауылдық әкімдіктегі базаға көшіріліп, аудандық полиция бөліміне жолданып тұрса, біреуі арнайы бейнебақылау, тұтас саябақты қадағалап отырады екен.

Негізі, басында бұл сорақылық тоқтамаған соң, ұжым болып, кезекшілік те қойып көрген. Біраз басылғандай боп көрінгенмен, кезекшілік тоқтаған соң, сәлден кейін баяғы сарын басталыпты. Сонда өз ауылымыздың тыныштығын өзімізден қорғау үшін бейнекамера арқылы бақылап отыру керек пе?! Бұл  недеген бассыздық?!  Адам емеспіз бе?!

Иә, жиырма бірінші ғасыр білімділер уақыты дейміз. Бірақ жасап жатқанымыз мынау – таза вандализм. Айналамызды шашып, қиратып, бүлдіріп бітірдік.  Санаға еш сыймайтын дүние. Қалайша көріп түріп, жаңа затты сындыруға қолы барады екен?!  Халық айтады «пышақты өзіңе сұқ, ауырмаса өзгеге сұқ» деп. Өзіңнің үйіңдегі затыңды көзіңнің қарашығындай күтсек, ауылымыздың да дүниесіне солай қараған абзал. Кейде орынды, орынсыз болсын билікке шүйлігіп, әлеуметтік желіде қызыл кеңірдек болып жатамыз. Ал өзімізге келгенде, бәрі рұқсат сияқты. Адамдыққа еш жанаспайтын іс бұл. Адамгершілік қасиетті жоғары ұстап, туған ауылға деген бауырмалдылыққа барынша басымдық берейік, ағайын.

Айжан АҚЫЛ