17.05.2021, 15:00
Қараулар: 386
Мың да бір сауап іс

Мың да бір сауап іс

Ата-баба әруағын қастерлеу, бейіттеріне тәу ету – көнеден  келе жатқан жол, әрі жер басып жүрген жандардың өмірден өткен ата-бабаларына құрметінің ең маңызды көрінісі. Халқымыз әлімсақтан бабалардың бейітін күмбездеп, қорымның сақталуына аса көңіл бөлгені белгілі. Өзі жертөледе отырса да, ата-баба зиратын әспеттеп ұстайтын ұлттың ұрпағымыз.  Десе де, осы күндері біздер «бабалардың рухы желеп-жебеп жүрсін» деп тілегенімізбен, «өлі разы болмай, тірі байымайтынын» естен шығарып бара жатқандаймыз ба?! Басқа ауылдарды айтпай-ақ қоялық, бірақ осы аудан орталығында орналасқан қос қорымның жай-күйін көргенде, көңіл құлазиды. Тек бір адамның ғана емес, ата-баба рухына құран бағыштап, аят оқуға барған барша жанның (әрине, аңғарымпаз болса ғана) осы күйде болары ғажап емес. Зираттың кез-келген тұсына шығып, қай жағыңызға да көз тастасаңыз, сүреңсіз көрініс. Шашылған қоқыс, сайрап жатқан құрылыс қалдықтары…

Айта кетейік, Чапаев ауылының басында 2 мұсылман және 2 православ зираты бар. «Итің жаман» десе, шамырқанып шыға келетініміз бар, десе де, іргелес жатқан орыстардың қорымына қарап, өзімізге-өзіміз баға беруден ат-тонымызды ала қашамыз. Неліктен дейсіз ғой? Ал, қараңызшы! Православ ағайынның мәңгілік мекенінің айналасы мұнтаздай таза, жан-жағы мұқият қоршалған. Оған ешбір әкімдік те, ешбір кәсіпкер де қаражат шығарып, қолпаштаған жоқ. Саусақпен санарлықтай аз болса да, осыдан 10 шақты жыл бұрын барлығы бірдей жұмылып, қаражат жинап, түгел қоршап алды, әжетханасы да орнатылған. Мұндай мысалды діні бөлектердің арасынан ғана емес, шағын ауыл-елді мекендерден де келтіруге болады. Өлінің рухын құрметтеген ауылдастар бірігіп, мәйіттерді қоршап, өзгеге үлгі көрсетуде. Көктем шыға бабалардың рухы қолдап, жылымыз берекелі болсын деп, зират басынан садақа таратқандар қаншама?! Ал бізде ше?

– Ескі қорым ауылдың дәл іргесінде тұрса, ал енді соңынан аталарымызға топырақ бұйырған зират Чапаев – Жалпақтал жолының жанында орналасқан, – дейді ауылдық округ әкімі Нұртаза Нәбиденов, – Құстамбаев көшесінің қарсы беткейін алып жатқан ескі зираттың көлемі 0,7 гектар болса, жаңасы 8 гектар алқапты алып жатыр. Негізінен, зиратты қоршап, күтіп-ұстауға бюджеттен қаражат бөлінбейді. Бөлінбейді екен деп, қол қусырып қарап отыруға болмайды. Чапаев-Жалпақтал тасжолының жанында орналасқан зиратқа апарар жолды өз күшімізбен жөндеп, тегістедік. Былтыр қатқыл тас та төселді. Бірақ  бейіт басына баратын адамдардың салақтығына кейимін. Қоғамдық қызметкерлердің күшімен айналасын тазартып аламыз-ау, ал ертеңіне барсаң, қайта бұрынғы күйіне түсіп тұрғаны. Жел ұшырған қоқыс қалдықтары, үйіліп тасталған қапшықтар, үймелеп жатқан тастар… Сорақысы сол, қабір қазып, құлпытас орнататындар артылып қалған құрылыс заттарын «кері алып кетуге» болмайды деген желеумен сол жерге тастап кетуді әдетке айналдырған. Соның салдарынан қорым қоқыс алаңына айналуда.

Шүкір дейміз, зираттың жағдайына алаңдайтындар арамызда аз емес екен. Солардың бірі – аудан орталығының тұрғыны Гүлсара Мангурова. Осыдан біраз уақыт бұрын ата-анасының бейітіне топырақ сала барған ол құрылыс заттарына бөккен зираттың жай-күйін көріп, жағасын ұстапты: «Әшейінде таксимен барып, таксимен қайтатын едім. Осыда кері қарай қызыммен бірге жаяулатып жетермін деп шешіп, келген көлігімді қайтарып жібердім. Қорымның орта шамасындағы ата-анамның бейітіне зиярат етіп, шетіне шыққанбыз. Айналаға зер салған жанға, төбе құйқасы шымырлайтындай көрініске тап болдым. Желмен бірге желп-желп еткен қағаз, тастың қиыршықтары, төгілген цемент. Осынымыз адамдыққа жата ма?! Ауыл әкімінің пәрменімен ақылы қоғамдық қызметтің адамдары жинайтынын естиміз. Дегенмен, бейіт тұрғызғандардың әруақты сыйламай, айналасын қоқыс орнына айналдырғаны қынжылтады екен. Содан үйге жеткен соң, танитын адамдарыма зират басында сенбілік жасайық деп хабарлама тараттым. 17 сәуірде сағат 10-дардың шамасында 15 адамдай жиналдық. Төлеген Ғұмаров, Бауыржан сынды азаматтар жүк көліктерімен шығыпты. Әйел адамдар бейіттердің арасындағы күл-қоқыстарды жинастырып, қапқа салып кетсек, ер адамдар оны жүк көлігіне тиеп, полигонға жеткізді. Сөйтіп, түскі 1-лерде толықтай тазартып шықтық.  Бір-екі жерде жігіттер құлпытас орнатып, бейіт көтеріп жатыр екен. Соларға арнайы барып, қалдықтарын жинастырып кетуін өтіндім. Бірақ бәріне бірдей көз болып отыру мүмкін емес. Ертең-ақ өзгелері келіп, осындай жағдай тағы қайталанатыны аян. Сондағы байқағаным, кейбір бейіттердің тастары қирап қалыпты. Мұны, әрине, адам істемейтіні анық. Қоршаусыз тұрған қорымға  кірген мал бейіттерге сүйкеніп, бүлдіріп жатыр. Төрт аяқты хайуанға санасы болмағаны үшін ренжи алмайсың. Иелері оларды бақпайды, өріске шығарып жіберумен шектеледі. Еркін жайылған мал қорымыңды қайтсін, емін-еркін аралап, сүйкенген жерін қиратып өте береді», – дейді ол.

Көп кешікпей Гүлсара ауылдық округ әкімдігіне барып, зиратты қоршау мәселесін көтереді. Бюджеттен қаражат бөлінбейтінін білген соң, ол осы істі өзі қолға алуға бекінеді. Қоршауға қажет қаражат жинау үшін Халық банктен арнайы есепшот аштырған. «Есепшотты ашқан бойда, әлеуметтік желіге хабарландыру таратып, газет арқылы жергілікті тұрғындарға үндеу тастайын деп шештім, – дейді ол, – қоршауға қажет құрылыс материалдарына қаражат жиналса, орнату жұмыстарының бәрін ауылдық округ әкімдігі көтермек. Біздің ауылда бір емес, екі мұсылман зираты бар екенін ескерсек, көлемді ақша қажет. «Мал жиыннан, ақша тиыннан өседі», дегендей кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындары шамалы қаражаттан жинаса да, қоршауға жететін ақша шығады деп ойлаймын. Сауапты жұмыс емес пе?».

Ауылдық округ әкімдігіне хабарласқанымызда, бұл жұмыстарға 7 млн теңгедей қажет екенін айтады. «Біз қоршаудың сметалық құнын есептеп қойдық. Күн сайын шарықтап бара жатқан құрылыс материалдарының құнын бағамдасақ, қаражат көлемі бұдан да көбірек болуы мүмкін. Бұл тек Чапаев – Жалпақтал тасжолы бойындағы зираттың қоршауына есептелген қаражат. Әрине, бүкіл жұмыс күші тегін болуын қарастырамыз», – дейді округ әкімі Н.Нәбиденов.

Баршамыз мұсылманбыз, қазақпыз. Бұл қорымда біздің бақытты болашағымыз, туған жерінің дамып, өркендеуі, жас ұрпақ ештеңеден таршылық көрмеуі үшін таңертеңнен кешке дейін бел жазбай еңбек еткен ата-әжелеріміз, өмірден ерте кеткен жандар жатыр. сондықтан құрмет көрсеткеніміз абзал. Және де жан бар жерде қаза бары, бәріміздің де бұл өмірде қонақ екеніміз тағы ақиқат. Зират қоршауының жағдайын осы мақаладан анық байқап отырған шығарсыздар. Ол үшін «неге қоршамайды?» деп әкімдікті де қаралаған жөн емес.  Осыған орай аудан орталығының тұрғындарын зиратты қоршау жұмыстарына атсалысуға шақырған Гүлсара Қалиқызының ниетін қолдап, баршаңызды игі іске үлес қосуға шақырамыз. Жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары қаржылай қал-қадірінше қолдау білдірсе, аудан тұрғындары да бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып,  әрекет етсе, қиын шаруа емес. Тек бірігуді айт. Ата-бабаларымыздың мәңгілік мекенін қоршау үшін жұмылайық, мың да бір сауап істен шет қалмайық, ағайын.

Қаражат  Халық банкіндегі есепшотқа жинақталуда. 707 612 09 05 нөміріне немесе 4405 6397 6747 7563 картасына   аударуға болады.

Әлия ШАРАПИЕВА